13:52, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Астана қалалық ІІД-нің қызметкерлері Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелерді талапқа сай жүзеге асыруға толық дайын екендіктерін мәлімдеді
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық Ішкі істер департаментінің қызметкерлері Елбасы Жолдауында көтерілген мәселелерді талапқа сай жүзеге асыруға толық дайын екендіктерін мәлімдеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгін таңғы сағат алтылар шамасында Астанадағы Жастар сарайында «Нұр Отан» партиясының өкілдері мен Астана қалалық Ішкі істер департаментіне қарасты Жол полициясы басқармасының жеке құрамы бас қосты. Онда Елбасының биылғы жылғы Жолдауында көтерілген мәселелер, соның ішінде, әсіресе, құқық қорғау органдарына қатысты міндеттер қозғалды. Осыған орай Ішкі істер департаментінің бастығы Марат Демеуов жеке құрамға Президент белгілеген міндеттердің мүлтіксіз орындалуын және қатаң қадағалануын тапсырды. Сонымен қатар ол жол полициясы көшедегі тәртіпке тікелей жауапты орган болғандықтан оның өкілдеріне заңсыздыққа жол бермей, жемқорлыққа бой алдырмау қатаң міндеттелді. «Жол сақшысына қысылтаяң кезеңде еліміздің әрбір азаматына көмек көрсетуі қажет. Ал жүргізушілермен қарым-қатынаста қызмет этикасын сақтап, сыпайы да мәдениетті сөйлесуі керек. Сонымен қатар олар қоғам тыныштығын бұзған кез келген азаматты жауапқа тартып, тәртіптің сақталуын қадағалауы қажет», - деп қадай айтты департамент бастығы. Жиыннан соң тәртіп сақшылары шұғыл түрде өз қызметтеріне кірісті.