Астана қалалық ІІД павлодарлық 21 жасар қыздың өлімін ашты

Департаменттің баспасөз қызметінен хабарлағандай, 24 сәуір күні Астана қалалық ІІД-нің кезекшілік бөліміне тұрғын үйдің пәтерінде зорлау белгілерімен өлтірілген, белгісіз бойжеткеннің мәйіті табылғаны туралы ақпарат келіп түсті. Оқиға орнына келген полицейлер оның тұлғасын анықтады. Ол Павлодар облысының 21 жасар тумасы болып шықты.
Өткізілген тергеу барысында полиция қызметкерлері оқиғаның қалай болғанын кезең-кезеңімен «қалпына келтірді». Соның нәтижесінде, бойжеткенді оқиға орнынан ізін жасырған Оңтүстік Қазақстан облысының 22 жасар азаматы өлтіргені анықталды.
Жедел-іздестіру шараларының барысында жігіт ұсталды, қылмысын айғақтайтын заттар алынды. Қазіргі уақытта ұсталған азамат кінәсін мойындады.
Аталған фактімен ҚР ҚК-нің 96-бабы, 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.