Астана қалалық ІІД Жол полициясы басқармасында көшпелі қоғамдық кеңес отырысы өтті
АСТАНА. Шілденің 29-ы. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық ішкі істер департаментінің Жол полициясы басқармасында департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Мұхитовтың төрағалығымен полиция қызметкерлерінің жұмысын бақылау бойынша көшпелі қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Бұл ақпаратты Астаналық ІІД тіл саясаты және ақпарат бөлімі таратып отыр.
Кеңеске Қоғамдық кеңес мүшелерімен қатар Жол полициясының жеке құрамы қатысты. Жиында Жол полициясы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бақытжан Малыбаев «Астана қалалық ІІД ЖПБ-дағы заңдылық пен тәртіп жағдайы, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет жасау бойынша қабылданған шаралар туралы» баяндама жасап, кеңес мүшелерінің осы бағыттағы сауалдарына жауап берді. Ал кеңес мүшелері құқық қорғау органдары қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлықтың орын алу себептері бойынша өз пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ азаматтардың автокөлікті мас күйінде әрі жоғары жылдамдықпен жүргізуі сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтарға қатысты сауалдар қойылды.
Шара соңында қоғамдық кеңес мүшелері сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша жұмыстарды жетілдіру мақсатында бірқатар шешімдер қабылдады.