Астана қалалық Ішкі істер департаментінің әйелдер қауымы мереке қарсаңында құрметке бөленді
АСТАНА. Наурыздың 5-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаментінде наурыздың 8-і - Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік шара өтті.
Елордалық ішкі істер қызметінің әйелдер қауымын департамент бастығы Марат Демеуов құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Адал жұмыстары мен еңбектегі жетістіктері үшін және алдағы мереке қарсаңында ІІД-нің 62 әйел қызметкері Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрінің және аталмыш департамент басшысының атынан құрмет грамоталарымен марапатталды.
Департамент бастығы құқық қорғау және тәртіп сақтау саласында еңбек ететін барша әйел қауымын мерекемен құттықтап, оларға денсаулық, сәттілік, отбасылық және аналық бақыт тіледі. «Сіздер полицейлік жұмыстың бар ауыртпалығын ерлермен бірге бөлісіп, солармен бірдей алдыңғы қатарлардан көрінесіздер. Сіздердің осы жігерлі еңбектеріңіз үшін шын жүректен үлкен алғысымды білдіремін», - деді ол.
Айта кетейік, бүгінде Астана қалалық Ішкі істер департаментінде істейтін 3 мыңнан астам адамның 800-ге жуығы - әйелдер. Оның 485-і - көпжылдық еңбек өтілдері бар офицерлер.
Іс-шараның ресми бөлігі мерекелік концертке ұласты.