Астана қалалық Ішкі істер департаментінің басшылығы жедел жәрдем отрядтарына мүше студенттерге арнайы куәліктер табыс етті
АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қалалық Ішкі істер департаментінің бастығы Марат Демеуов жедел жәрдем отрядына мүше С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің бір топ студенттеріне арнайы куәліктерді табыс етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бүгінде «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалының бастамасымен қаладағы қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция қатарына студент жастарды тарту шаралары жүзеге асырылып жатыр. М. Демеуовтың айтуынша, жедел жәрдем отрядтарында бүгінде 300-ден астам студент бар. «Олар әр аудандағы учаскелік полиция бөлімдерінде, өздері оқитын оқу орындары және жатақханаларда кезекшілік етеді. Жастарға әр оқу орны жәрдем көрсетіп отыр. Атап айтқанда, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тәртіп сақшыларын тегін жолақы билеттерімен қамтамасыз етті. Ал Ішкі істер департаменті оларға әр тоқсан сайын 10 мың теңге еңбекақы төлейді», - дейді ол. Қазақ агротехникалық университетінің аумағындағы тәртіпті қамтамасыз ететін 45 студент отряд мүшесінің куәлігін алды. Олардың дені қауіпсіздікті қорғау қызметкері ретінде университетке қызметке алынып, ай сайын жалақы алып отырады. Жедел жәрдем отрядына қабылдау мерзімі көрсетілмегендіктен, кез келген студент әр уақытта оның қатарына қосыла алады. Әр жылдың соңында ең үздік отряд марапатталатын болады.