Астана қалалық Ішкі істер департаментінің құрылымдық бөлімшелері арасында отбасылық эстафета өткізілді

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат - «Халық денсаулығы - ол Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысының ажырамас құрамдас бөлігі» деп Мемлекет басшысы Н.Назарбаев биылғы дәстүрлі Жолдауында атап өткеніндей, дене шынықтыру мен спорт салауатты өмір салтын қалыптастыру, жастарды рухани тәрбиелеу, азаматтардың денсаулығын жақсартудағы ең маңызды құралдардың бірі.

Астана қалалық Ішкі істер департаментінің құрылымдық бөлімшелері арасында отбасылық эстафета өткізілді

Әркім өзінің денсаулығына өзі жауапты. Солай бола тұрса да бүгінгі күні мемлекет бұл мәселеден шет қалып отырған жоқ. Қазірде Астана қалалық Ішкі істер департаменті салауатты өмір салтын дамыту үшін түрлі спорттық шараларды өткізіп тұрады.

Мәселен таяуда Қазақстан Республикасы Конституциясының 15-жылдығына орай «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамында Астана қалалық Ішкі істер департаментінің құрылымдық бөлімшелері арасында «Әкем, анам және мен" атты отбасылық эстафета өткізілді, деп хабарлайды аталмыш ведомствоның баспасөз қызметінен Әйгерім Мұханова.

Бұл шараға Алматы, Сарыарқа, Есіл аудандарының ІІБ, Патрульдік полиция полкі, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі, Жедел басқару орталығы, Тыл жабдықтау басқармасынан барлығы 12 команда қатысты. Бұл жарыстың ерекшелігі - ішкі істер органдарының қызметкері отбасымен бірге сайысқа түседі.

Командалық есепте 1-орынды «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесі жеңіп алса, екінші орынды Сарыарқа ауданы Ішкі істер басқармасының екі командасы бөлісті.

Сайыстың нәтижесінде жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.