Астана қалалық ҚХА Президенттің өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастаманы қолдау мақсатында жиын өткізді

АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін елордада Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы ҚР Президентінің өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастаманы қолдау мақсатында «Н. Назарбаев - ұлт бірлігі мен Қазақстанның жарқын болашағының негізін қалаушы» тақырыбында дөңгелек үстел жиынын өткізді.

Астана қалалық ҚХА Президенттің өкілеттігін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастаманы қолдау мақсатында жиын өткізді

Жиын барысында референдум өткізу туралы идеяны қолдап, Астана қаласының үкіметтік емес ұйымдары мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері сөз сөйледі. «Қазақстан тәуелсіздігінің 19 жылы біздің Мемлекет басшымыздың ұстанған жолының дұрыстығын көрсетті. Біз мемлекетіміздің ішкі саясатында ұлтаралық бірлік пен тұрақтылықтың жарқын үлгісі салтанат құрып отырғанының куәгері болып отырмыз. Қазақстанда өмір сүріп отырған барлық халықтар тең құқылы. Ондай құқыққа біз Қазақстанның тәуелсіздігі арқылы ғана қол жеткізе алдық», - деді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, Астана қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Салман Героев.

Оның айтуынша, тәуелсіздіктен бергі жылда Елбасы Н. Назарбаевты Қазақстан халқы Ұлт көшбасшысы ретінде танып, мемлекеттің экономикалық дамуына, гуманитарлық әлеуетінің артуына ең бірінші септігін тигізген тұлға ретінде біледі.

Жиынға сәйкес, Ассамблея мүшелері мен ҮЕҰ өкілдері қазақстандықтарға арнап үндеу қабылдайтын болады.

Еске сала кетсек, ағымдағы жылдың 23 желтоқсанында Өскеменде Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың өкілеттілігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткізу туралы бастама көтерген республикалық жиын болып өтті. Қазақстанның 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларының өкілдерінен құралған республикалық жиынның 850-ден астам делегаты бірауыздан оны өткізуді мақұлдаған болатын. Ал бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында Қазақстан Республикасының Президенті - Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың президенттік өкілеттілігін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөніндегі референдумның бастамашыл тобын, сондай-ақ оның республикалық референдумға ұсынып отырған мәселесін тіркеу туралы қаулы қабылданды.