Астана қалалық Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жыл басынан бері 5,5 мыңнан астам іске шешім шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 2015 жылдың бірінші жарты жылдығында 6 120 шағым арыз келіп түссе, соның 5 694-і қаралып шешім шықты. Бұның 501-і бойынша шешім сырттай шығарылды. Бұл туралы бүгін Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың төрағасы Ақан Жұмағұлов мәлім етті.

Астана қалалық Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты жыл басынан бері 5,5 мыңнан астам іске шешім шығарды

«Жалпы осы уақыт аралығында 6 916 іс бойынша өндіріс аяқталды. Осылайша, орташа алғанда жыл басынан бері ауданаралық экономикалық соттағы әрбір судья 271 сот актісін шығарып отыр», - деді бүгін брифингте сот төрағасы.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда сот тарапынан әділсотқа қолжетімділік қағидаттарының сақталуына қатысты жоспарлы жұмыстар атқарылуда. Бұндай жұмыстың нәтижесінде арыз шағымдарды қайтару мен олардың қозғалыссыз жатып қалу көрсеткіші төмендеп, шағымдарды қабылдаудан негізсіз бас тартуды жою шаралары қабылдануда.

«Өткен алты айда сот 621 арыз шағымды қайтарса, 113 шағым бойынша қабылдаудан бас тартылды. Бұл сотқа жалпы келіп түскен арыздардың 1,8 пайызын құрайды. Біздің міндетіміз жеке және заңды тұлғалар тарапынан әділсот жүйесіне қолжетімділіктің болуын қамтамасыз ету», - дейді А. Жұмағұлов.

Сот төрағасының айтуына қарағанда, соңғы уақытта соттағы іс жүргізуге ақпараттық технологиялардың енгізілуіне байланысты «Сот кабинеті» ақпараттық қызметі бойынша арыз шағымдарды электрондық түрде қабылдау жұмыстары жолға қойылған. Мәселен, ағымдағы жылы Астана қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 485 электрондық үлгідегі шағымдар түскен.