Астана қалалық прокуратурасына 1 мың 600-ден астам азамат пен заңды тұлғалардан шағым түсіп, олардың 176-ы қанағаттандырылды
АСТАНА. Маусымның 23-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астана қалалық прокуратурасына биылғы жылы әлеуметтік-экономикалық сала бойынша қалыптасқан түрлі мәселелер бойынша 1 мың 600-ден астам азамат пен заңды тұлғалар шағымданып,
олардың 176-ның арызы қанағаттандырылды.
Астана қаласы прокурорының орынбасары Мұрат Мұхамбетқазының хабарлауынша, тұрғындар өздерінің арыздарында сәулет және құрылыс, салық, жер заңнамалары, тұрғын үй және еңбек құқықтарының бұзылу фактілері мен жалақының уақытылы төленбеуі сияқты бірқатар мәселелерге байланысты шағымданған.
«Басшылық барлық азаматтарға заңға сәйкес түсіндірмелер берді.
Арыздардың басым бөлігі тұрғын үйге қатысты. Азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге жағдай жасау Қазақстан Республикасы Конституциясының 25-ші бабының 2-ші тармағында қарастырылған. Осы ретте мемлекеттік органдар және қадағалау органдарының тарапынан үнемі назарды талап ететін жағдайларды реттейтін бірқатар нормативті-құқықтық актілерді қабылданды», дейді прокурордың орынбасары.