Астана қалалық соты З.Ботабаевқа қатысты ақтау үкімінің күшін жойды

Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап ҚР Жоғарғы сотының сайтында хабарланған.
Естеріңізге сала кетейік, Заурбек Ботабаев 2010 жылдың қыркүйегінде Астана қаласында «Шамбала» дәмханасының жанында азамат Танкайбаевқа оқ атып, оны өлтірді деп айыпталған болатын. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 13 қыркүйектегі үкімімен алқабилердің қатысуымен Заурбек Расилханұлы Ботабаев кінәсі дәлелденбей ақталған болатын.
Сонымен қатар З.Ботабаевтың 2012 жылдың жазында Алматы облысы Іле-Алатаудағы жаппай өлтіруге қатысы болуы мүмкін.
2013 жылдың 3 қаңтарында Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жаңадан ашылған мән-жай бойынша қозғалған материалдарды, тергеу өндірісіне жолдау туралы қала прокурорының өтінішін қанағаттандырды.
«Анықталғанындай, маңызды куәгерлердің бірі (Ботабаевтың ұлын емдеп жатқан дәрігер), сотталушының нақты қылмысқа қатысы жоқтығының дәлелін көрсеткен түсінігі бойынша сотта жалған мәлімдеме жасады. Куәгердің айтуынша, Ботабаев Танкайбаевты өлтіру кезінде Қарағанды қаласында өз ұлына ота болып жатқан жерінде болғанын айтты. Бірақ, Ботабаевқа қатысты ақтау үкімі шыққаннан кейін, сотталушыға қылмысқа қатысы жоқ дәлелін «бейтаныс кісілердің сотқа әкеліп, өзіне ғана емес сондай-ақ жанұясына зорлық-зомбылық жасайтындығын айтып, қорқытқаннан кейін, өзінің түсініктемесін өзгерткенін айтты», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, істе жаңа куәгер анықталды. Алматы облысы Іле-Алатаудағы жаппай өлтіру фактісі бойынша жүргізіліп жатқан тергеу барысында әлгі куәгер, Ботабаевтың Астана қаласының аумағында, Танкайбаевты өлтірген уақыты мен жерін суреттеп берді.
Сотқа белгісіз болған, жаңадан ашылған мән-жай бойынша прокурор ақтау үкімінің күшін жою өтінішін қанағаттандыруды сұрады.
Апелляциялық алқа қаулысымен жаңадан ашылған мән-жай бойынша Ботабаевқа қатысты ақтау үкімінің өндірісін қайта бастау туралы прокурордың өтініші қанағаттандырылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2011 жылғы 13 қыркүйектегі Ботабаевқа қатысты ақтау үкімі жойылды. Ботабаевқа қатысты қылмыстық іс жаңа сот пен алқаби құрамымен негізгі тергеу сатысына жіберілді.
Аталған қаулы наразылық білдіру мен шағымдануға жатпайды.