Астана қалалық сотында Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциядағы жобасы талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық сотында Азаматтық процестік кодекстің жаңа редакциядағы жобасы талқыланды.

Астана қалалық сотында Азаматтық процестік кодекстің  жаңа редакциядағы жобасы талқыланды

Іс-шараны Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті мен Жоғарғы Сот ұйымдастырды.

АПК жобасын талқылауға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Жоғарғы Соттың, облыстық және оған теңестірілген соттардың судьялары, орталық мемлекеттік органдардың, нотариат, адвокатура, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен медиаторлар қатысты.

АПК-ның жаңа жобасы Мемлекет басшысының республика судьяларының алтыншы съезінде (2013 жылғы 20 қарашада) берген тапсырмаларын және 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасын орындау мақсатында әзірленді.

Іс-шараға қатысушылар Астана қаласы сотындағы сот ісін жүргізуде қолданылатын жаңа ақпараттық технологиялармен танысты. Атап айтқанда, депутаттарға сот кеңсесіне құжаттарды берудің электронды жүйесі, сот процесіне қатысушыларды СМС-хабарландыру алгоритмі, «Сот құжаттарымен танысу» және «Сот кабинеті» сервистерінің жұмысы көрсетілді. Аталған сервистердің тұрғындар арасындағы қолданысы күн өткен сайын артуда. Айталық, іске қосылған уақыттан, яғни 2014 жылдың маусымынан бастап, «Сот кабинеті» сервисін 6,5 мыңнан астам тұтынушы қолданған. Сондай-ақ, 145 мыңнан астам талап-арыздар (өтініштер), шағымдар мен өтінішхаттар электронды түрде берілген.

Бұдан әрі сотқа келген азаматтар мемлекеттік баж салығын, әкімшілік айыппұлдарды төлеу үшін қолданатын стационарлық терминалдар, сот отырысының уақыты, сот залы мен істің нөмірі, талапкер мен жауапкердің аты-жөндері жазылған арнайы ақпараттық табломен және теледидармен жабдықталған күту залы таныстырылды.

Депутаттар сот процестерін аудио-бейне тіркеу және бейнебақылау жүйесінің мүмкіндіктерімен, сондай-ақ сот отырыстарын қашықтықтан өткізуге арналған бейнебайланыс құрылғыларымен де танысты.

Бұл шараға қатысушылар прокурорлардың, адвокаттар мен медиаторлардың кабинеттерін, күту бөлмелерін, қалалық соттың баспасөз орталығын аралап көрді.

Парламент Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрағасы Р.Мұқашев отырысты аша келе, «АПК жобасы бойынша сот қауымдастығының пікірін білу мақсатында Комитет жобаның негізгі қағидаттарын Астана қаласы судьяларының қатысуымен талқылауды ұйғарды», - деді. Одан әрі Р.Мұқашев сот ісін жүргізудегі ақпараттық технологияларды қолданудың айрықша рөліне тоқтала келе: «АПК жобасы соттар қызметінде ақпараттық техникалық құралдарды қолдануды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл азаматтардың өтініштер мен өзге де құжаттарды беруін, процеске қатысушыларды хабарландыруды, дәлелдерді қашықтықтан зерттеуді және сотқа шақырылған адамдарды тыңдауды айтарлықтай жеңілдетеді» - деп атап өтті.

Отырысқа қатысушылардың алдында сөз сөйлеген Жоғарғы Сот судьясы Ұ.Сүлейменова АПК жобасының негізгі новеллалары туралы сөз қозғады. Ол сотта бітімгерлік рәсімдерді қолдануды жетілдіру, сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейту, сот ісін жүргізуді жеңілдету мен жеделдету, сот актілерін апелляциялық, кассациялық және қадағалау сатыларында қайта қарау мәселелеріне тоқталды.

Мәселен, жаңа АПК-да дауларды реттеудің соттан тыс және сотқа дейінгі тәртібі, соттағы бітімгерлік рәсімдері кеңейтілген. Адвокаттардың кәсіби өкілдігіне жол ашып, тараптардың татуласуына кедергі жасайтын процеске қатысушы жосықсыз адамдардың қызметін шектейтін сот медиациясы және партисипативті рәсім енгізілетін болады.

АПК-ның жаңа редакциясында Жоғарғы Сотта мамандандырылған алқа және Астана қаласының сотында мамандандырылған сот құрамын құру арқылы инвестициялық дауларды қарастыратын мамандандырылған соттарды іске қосу жоспарланып отыр. Инвестицияларды құқықтық қорғаудың жаңа деңгейі бизнеспен айналысуға жағымды жағдайлар туғызып, инвесторлардың қазақстандандық сот төрелігіне деген сенімін арттырады деп көзделуде.

Еске сала кетейік, АПК-ның жаңа редакциясын қабылдау үшін Парламент Мәжілісінде жұмыс тобы құрылған. Бүгінге дейін 11 отырыс өткізілген. Жоба Астана, Алматы және Ақтөбе қалаларында өткізілген көшпелі үш дөңгелек үстел шеңберінде де талқыланды. Аталған шараларға судьялар, прокурорлар, адвокаттар, нотариустар, өзге де қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан болатын.