Астана қалалық сотында «Ең үздік киіз үй» бәсекесі ұйымдастырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Даналықтың ұлы мейрамы әз-Наурыз алты Алаштың ақ ордасы - елорда төріндегі Астана қалалық сотында аталып өтілуде,- деп хабарлайды Астана қалалық сотының баспасөз қызметі.

  Астана қалалық сотында «Ең үздік киіз үй» бәсекесі ұйымдастырылды

Кеше сот маңына Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Мәңгілік Алаш елі және Есіл ауылы атанған 5 киіз үй құрылып, думанды кеш әсем сазды ән мен күмбірлеген тәтті күйге ұласты.

Салтанатты шараны ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Қайрат Мәми ашып, Ұлыстың Ұлы күні әз Наурыз мейрамымен құттықтады.

Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев Наурыз береке мен бірліктің, тазалық пен татулықтың, риясыз шаттықтың, көтеріңкі көңілдің бастауы болып, елге құт-береке дарытатын, рухани тазартатын, адамзатты бақытқа, қуанышқа бөлейтін тамаша мереке екенін айтып, барша қауымды Ұлыс мейрамымен құттықтады.

«Ұлыстың ұлы күні елімізге, жерімізге құт - береке ала келсін! Ұлыс оң болып, әрбір күніміз Наурыз күніндей шуақты болсын! Шаңырағыңызға Қыдыр қонып, бақ дарысын!»,- деді сот төрағасы Тілектес Бәрпібаев.

Шара аясында «Ең үздік киі үй» сайысынан жарыс ұйымдастырылып, бірінші орын «Мәңгілік ел», екіншіні Әйтеке би, ал үшінші орынды Есіл ауылы еншіледі. «Арқан тартудан» Астана қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты үздік шықты.

Думанды шараға қатысқан Жоғарғы Сот төрағасы қызметін атқарған, ардагер судья Михаил Федорович, Парламент Сенатының депутаты Б.Бекназаров өздерінің жүрекжарды тілектерін арнады, деп хабарлайдыАстана қалалық сотының баспасөз қызметі.