Астана қалалық сотында Қазақ хандығының 550 жылдығына орай конференция өтті (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық сотында «Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы және билер сотының төрелігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға қалалық соттың, аудандық және оған теңестірілген соттардың кеңсе басшылары мен мамандары қатысты, деп хабарлады қалалық соттың баспасөз қызметінен.
Конференцияны Астана қалалық сотының судьясы Оралхан Тұрсынов ашып, «Қазақ хандығын нығайтудағы билер институтының дипломатиялық қызметтері» тақырыбында баяндама жасады.
Астана қалалық сотының Кеңсе басшысының орынбасары Айбол Ибрагимов Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандар, Қазақ хандығын нығайтуға сүбелі үлес қосқан Қасым хан, Есім хан, Тәуке хан, Жәңгір хан, Әз Тәуке хан, Абылай хан, Әбілқайыр хан, Кенесары хан және әйгілі Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің еліміздің құқықтық жүйесін нығайтудағы рөлі, ел басқаруға дайындаған заң-ержелері мен билер сотының төрелігі жөнінде айтты. Жиында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған хронологиялық бейне сюжет көрсетілді. Бейнебаянда беделі зор айбынды Алаш жұртының азаттық жолындағы азап пен қайғыға толы зобалаң кезеңдері тарихи деректермен бейнеленіп, тәуелсіздік алғанға дейінгі Қазақ елінің азаттық жолы суреттелді. Біртұтас мемлекеттік билік ісіне араласып, көсем сөз, өткір тіл, әділ даналығымен танылған Төле би, Қаз дайысты Қазыбек би, Әйтеке билердің рөлі, Қазақ хандығын қалыптастыру мен нығайтудағы Қазақ елінің құқығы, билер сотының төрелігі, дала заңдарының мемлекеттік билікті дамытудағы маңызы, мемлекет басқарудағы хандар мен сұлтандардың рөлі тақырыптарында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Алтайы Оразбаеваның, Қазақ гуманитарлық-заң университетінің профессорлары Лепуда Мұқатаева мен Гүлмира Сұлтанғазының баяндамалары тыңдалды.