Астана қалалық ТЖД Сығанақ көшесін су басу салдарын жойды, қазір нысандарды су басу қаупі жоқ (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін сағат 10:45 Астана қаласының ТЖ департаментіне Сығанақ көшесін су басқаны жайлы хабар келіп түсті.
«Оқиға орнына жеткен соң АstanaVipProject құрылыс компаниясы қазу жұмыстарын жүргізуі және Кіші Талдыкөл жағасының шайылып кетуі салдарынан кабель көмілетін арықтарымен жолға жайылған су Сығанақ көшесіне қарай аққан.
Бастапқыда су шамамен 300 метр жерді басты, су деңгейі 20 см-ге жеткен. Қаланың жедел және коммуналдық қызметтері шұғыл түрде әрекет етті»¸ - деп хабарлады ҚР ІІМ ТЖК ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
Оқиғаның салдарын жою үшін «Астана Тазалық», «Стройинвест» құрылыс компаниясының және қалалық ТЖД-ның 21 техникасы жұмылдырылды.
Қазір судың барлығы сорғызылып алынды. Көлік қозғалысы қалыпқа келтірілді. Тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды су басу қаупі жоқ.