Астана қалалық жер комиссиясы жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне өтініш берген 2245 азаматты арнайы кезекке қояды

АСТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Астана қалалық жер комиссиясы жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне өтініш берген 2245 азаматты арнайы кезекке қояды.

Астана қалалық жер комиссиясы жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне өтініш берген  2245 азаматты арнайы кезекке қояды

Бұл туралы бүгін Астана қалалық жер қатынастары басқармасының бастығы Төлеуғазы Нүркенов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, 2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін қала бойынша Ильинка кенті жанынан 1333 жер телімі тегін берілген. Оның ішінде 2006 жылы 113, 2007 жылы 1120 азамат қайтарымсыз жер телімін алған. Аталған аймаққа жол салу, инженерлік инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 10 млрд. 700 млн теңге қаржы жұмсалған. Жалпы, қазіргі қала бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне өтініш берген 83 мыңнан астам азамат арнайы есепке алынған.

«Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейтойына орай қала әкімдігі жер телімдерін береді деген шындыққа жанаспайтын әңгімелердің таралуы салдарынан 25 тамыздан бүгінгі күнге дейін әкімшілікке 8 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Біз ол өтініштердің барлығын қабылдап жатырмыз. Бүгін жер комиссиясының отырысында 2245 азаматтың өтінішін кезекке қоямыз», - деді ол.

Оның айтуынша, жер телімдері кезек бойынша беріледі. Ал өтініш берген азаматтар өз кезектерін www.aisgzk.kz сайтынан білулеріне болады.