Астана қаласы әкімінің Кубогы үшін пікірсайыс турнирі өтті

АСТАНА. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Кеше, қазанның 19-ы күні Қазақ көлік және коммуникациялар академиясы жанындағы Ақмола колледжінің ғимаратында «Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және Астана қаласының халықаралық имиджі» тақырыбына арналған Астана қаласы әкімінің Кубогы үшін пікірсайыс турнирінің ақтық ойындары өтті.

Астана қаласы әкімінің Кубогы үшін пікірсайыс турнирі өтті

Қызықты да тартысты өткен пікірсайыс барысында үкімет тарапынан «Қазақстан», ал оппозиция жағынан «Мен және ол» командасы өзара сынға түсті. Қатысушылар «Астана бейбітшілік пен келісім қаласының брендін дамыту механизмін ұсынады» деген тақырып аясында пікірталас өткізіп, өздерінің шешендік өнерлерін паш етті. Әділ қазылар алқасының шешіміне сәйкес Мерей Ермұханов пен Арайлым Орынбаева құрамындағы «Мен және ол» командасы бірінші орынды, Фариза Дүйсенбаева мен Нұркен Махамбетовтің «Қазақстан» командасы екінші орынға ие болды.

Турнир барысында бұған дейін ақтық сындарын аяқтаған орыс лигасы командаларын марапаттау рәсімі өтті. Бұл лигада бірінші орын және Астана қаласы әкімінің Кубогы «Инсайд» командасына бұйырды.