Астана қаласы мәслихатының жаңа хатшысы сайланды

ТАНА. 7 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Ермек Оспанов Астана қаласы мәслихатының жаңа хатшысы болып сайланды.

Астана қаласы мәслихатының жаңа хатшысы сайланды

Бүгін Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен қалалық мәслихаттың кезектен тыс 69-шы сессиясы өтті.

Елорда мәслихаты аппаратының жетекшісі Вера Пытьеваның айтуынша, оның барысында 2011 жылдың 19 тамызында Астана қаласынан ҚР Парламенті Сенатына депутат болып сайланған елордалық мәслихаттың хатшысы Владимир Редкокашиннің депутаттық өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, ол мәслихаттың хатшысы лауазымынан босатылды.

Сессияға қатысқан 22 депутаттың бірауыздан дауыс беруімен Астана қалалық мәслихатының жаңа хатшысы болып мәслихат депутаты Ермек Оспанов сайланды.

В.Пытьева атап көрсеткендей, Е.Оспанов өзінің негізгі қызметі «Астана-Тазалық» ЖШС-ның директоры қызметінен босатылатын болады.

Сондай-ақ мәслихаттың 69-шы сессиясында: Астана қаласының тексеру комиссиясының мүшелерін тағайындау туралы; Астана қаласының аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға немесе өндіруге арналған жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссияның құрамы туралы; Астана қаласы мәслихатының 2006 жылғы 14 желтоқсанындағы «Астана қаласы әкімдігі жанындағы тұрғын үй комиссиясының құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы; Астана қаласы мәслихатының 2010 жылғы 28 мамырындағы «Астана қаласында жер учаскелерін беру жөніндегі комиссияның құрамы туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.