Астана қаласы ТЖД суда абай болуға шақырады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жазғы демалыс кезінде Астана қаласының ТЖД қызметкерлері бақытсыз жағдайлардың алдын алу мақсатында адамдар жиі шоғырланатын, шомылуға арналмаған су қоймалары мен рұқсат етілмеген жағажай орындарында ескертпе-жадынамалар таратып, тиісті жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
2015 жылдың мамыр айынан бастап Астана қаласына қарасты су қоймаларында 11 адам көз жұмған, олардың екеуі бала.
Айта кетейік, қайғылы жайттардың барлығы дерлік шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде орын алған.
Шомылу маусымы басталса да, демалушылар арасында судағы қауіпсіздікті сақтамайтындар өте көп. Сондықтан төмендегі ережелерге назар аударыңыздар.
Суаттарда шомылуға тыйым салынады:
- жабдықталмаған орындарда және тыйым салынған қалқандар (аншлагтар) қойылған жерлерде шомылу;
- жүзу шекарасын белгілейтін қалтқылардан әрі жүзу;
- моторлы, желкенді кемелерге, ескекті қайықтарға және басқа жүзетін құралдарға жақындау;
- суға катерлерден, қайықтардан, айлақтардан және бұл мақсаттарға арналмаған жерлерден секіру;
- суаттарды ластау және қоқыстау;
- тақтайларда, бөренелерде, жатақтарда, автомобиль камераларында, үрленген матрацтарда жүзу;
- жабдықталған жағажайларға өзімен бірге ит және басқа жануарларды ертіп әкелу.
Суға батып бара жатқан адамға көмек көрсету үшін жақсы жүзе біліп, құтқару тәсілдерін, батып бара жатқан адамның қармауынан шығу және зардап шегушіні буксирге алу, алғашқы медициналық жәрдем көрсету тәсілдерін жақсы білу керек.
Суда адамды құтқару кезінде қалыптасқан жағдайды сабырмен бағалап, ойланып, абайлап әрекет ету қажет, қауіп төнген жағдайда ұстамдылық таныту керек. Егер оған дайын болмасаңыз, тиісті құтқару қызметтерінен көмек сұраңыз: құтқарушылар мен жедел медициналық жәрдемді шақырыңыз.
Суда өзін-өзі ұстау ережелері:
1) суаттарда балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмаңыз;
2) суға шомылу үшін қауіпсіз немесе оған арналған жерлерді таңдаңыз;
3) таныс емес жерлерде суға түспеңіз;
4) егер су иіріміне түссеңіз, қорықпаңыз, көбірек ауа жұтып, су ағысы жағына қарай қатты жұлқынып барып, су бетіне жүзіп шығыңыз;
5) сіңір тартылғанда қобалжымаңыз, су бетінде қалуға тырысып, көмекке шақырыңыз;
6) суға шомылғанда бір-біріңізді назардан жоғалтпаңыздар;
7) қатты ағынға түскенде ағысқа қарсы жүзбеңіз, ағыспен жүзіп, жағаға шығуға тырысыңыз;
8) егер тоңазудың бірінші белгілері байқалса (қалтырау, дірілдеу, әлсіздік), дереу судан жағаға шығыңыз;
9) балдырларға оралып қалсаңыз, кенеттен қимылдамаңыз және жұлқынбаңыз. Ең дұрысы арқаңызбен жатып, ақырын таза су жаққа жүзіп шығу.