Астана қаласына арналған республикалық балалар суреті байқауына батысқазақстандықтар да қатысады
ОРАЛ. 2 маусым. ҚазАқпарат - «Қазақстан халқы Ассамблеясы қоры» қоғамдық қоры мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы бірлесіп, жақында «Арман қалам - Астана» атты республикалық балалар суреті байқауын ұйымдастырған болатын.
Дарынды балаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылған бұл байқауға еліміздің түкпір-түкпіріндегі өнерлі балалармен бірге батысқазақстандық өрендер де үн қосты. 1 маусым күні облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығында кішкентай суретшілердің еңбектері сарапқа салынып, жеңімпаздар анықталды.
Байқауға қатысқан 40-тан астам балдырғанның ішінде топ жарған төрт баланы салтанатты рәсім барысында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Ғайса Қапақов құттықтап, оларға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыс етті. Қазылар алқасының қорытындысы бойынша І орынды Зеленов ауданының оқушысы Батыржан Қарсақовтың «Арман қала - Астана» атты суреті жеңіп алды. ІІ орынға қазталовтық Айжарқын Аспандиярованың «Ынтымағы жарасқан Астана» еңбегі лайықты деп танылса, үшінші жүлдені ақжайықтық Саида Тынымбай «Елорда келбеті» атты жұмысы үшін иеленді. Сондай-ақ С.Ғұмаров атындағы қалалық сурет мектебінің оқушысы Владимир Махорин ынталандыру сыйлығына ие болды.
Облыстық байқау жеңімпаздары Астана күні қарсаңында елордада өткізілетін республикалық байқауға қатысып, бақтарын сынамақ.