Астана қаласында 2013-2015 жылдарға арналған Жұмыспен қамту картасы әзірленді

АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігінде құрылған жұмыс тобы азаматтарды жұмыспен қамту мәселелері бойынша белсенді қызмет атқарып келеді.

Астана қаласында 2013-2015 жылдарға арналған Жұмыспен қамту картасы әзірленді

Құрылғанына төрт жыл болған жұмыс тобы жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетуге өз үлесін қосуда. Бұл туралы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мәлім етті.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыссыздарды анықтау мақсатында үйлерді аралайтын топтар құрылып, халықты жұмысқа орналастырудың бағдары жасалған. Сауалнама жүргізу арқылы жұмыссыз тұрғындарды анықтау шаралары да жүзеге асуда. «Жұмыссыздық деңгейін төмендету шараларының бірі www.job.astana.kz еңбекпен қамту порталын құру. Бұған қоса, ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес, еңбек нарығын реттеу және жұмысқа сұраныс пен ұсынысты теңестіру мақсатында Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Астана қаласының 2013-2015 жылдарға арналған Жұмыспен қамту картасын әзірледі», - дейді Басқарма мамандары.

Сонымен қатар, Астана қаласы әкімдігінің еңбек нарығын реттеу жөніндегі 2013-2014 жылдарға арналған Іс-қимыл жоспары елордадағы жұмыссыздық деңгейін төмендетуге және астаналық тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.