Астана қаласында ақыл-есі кенже дамыған балалар тең дәрежеде білім алуда

Қазір елордада балалардың қоғамдағы әлеуметтік мүмкіндіктерін жақсарту үшін инклюзивтік білім беру тәжірибесі пәрменді жүргізіліп келеді. Оның көмегімен мұндай балалардың тең дәрежеде білім алу құқықтары жүзеге асырылуда. Бұл туралы елорданың аstana.kz ресми сайтынан хабарланды.
Қалалық Білім басқармасынан хабарлағанындай, ақыл-есі кенже дамыған балалар психо-медициналық-педагогикалық комиссияның қорытындысы негізінде ата-аналарының өтініші бойынша топтастырылады. Осыған орай, 2013 жылдың қаңтарында Астана қаласында 33 білім беру мекемесінде 123 сыныпта қалыпты балалармен тең дәрежеде ақыл-есі кенже дамыған 151 бала білім алуда.
«Балаларды оқыту үшін арнайы жағдай жасалған орта қалыптастырылады. Оқу бөлмелері материалдық-техникалық жағынан жабдықталып, түзету және бейімдеу іс-шаралары жүргізіледі. Ең бастысы, білім алуға еш кедіргі келтірмейтін және қатарластарымен еркін араласуға мүмкіндік туғызылатын жағдай ұйымдастырылады. Сонымен қатар, елордада 19 түзету сыныбы бар. Онда ақыл-есі кенже дамыған 726, құлағы естімейтін 79, көзі нашар көретін 161, тілі кеміс 49 бала білім алуда. Сарыарқа ауданында 13 мектепте 728 оқушы, Алматы ауданында 5 мектепте 273 оқушы және Астана қаласының балалар үйінде 9 оқушы оқиды», делінген баспасөз хабарламасында.