Астана қаласында «Чекті талап ет - сыйлықты ұтып ал» акциясы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаменті тұтынушылардың құқығын қорғау және сауда мен сатып алушыларға қызмет көрсету саласында заң мәдениетін қалыптастыру үшін наурыз айынан бастап 5 шілдеге дейін «Чекті талап ет - сыйлықты ұтып ал!» акциясын өткізетіні туралы хабарлайды. Астананың әр тұрғыны акцияға қатыса алады, деп хабарлады қала әкімінің баспасөз қызметі.
Акцияның басты мақсаты - тұтынушылардың құқығын қорғау, кәсіпкерлерді адал бәсекелестікке ынталандыру, қызмет көрсету сапасын арттыру, көлеңкелі экономика көлемін азайту арқылы республикалық және жергілікті бюджетке салық түсімін ұлғайту болмақ.
Акцияға қатысу үшін чекті суретке түсіріп, сол суретті WhatsАpp арқылы +7 701 500 17 17 номеріне жолдау керек. Әр чек үшін қатысушыға бірегей номер беріліп, ол бағалы сыйлықтар ұтысына қатыса алады. Қатысушылар ұялы телефондар, смартфондар мен гаджеттерді ұтып алу мүмкіндігіне ие болады. Хабарлама неғұрлым көп болса, сыйлық ұту мүмкіндігі де соғұрлым жоғары.
Акция талаптары:
- Бір суретте бір чек көрсетілуі тиіс;
- Чек фискалды болу керек; (чекте ФП, Ф, F жазбалары болу қажет)
- Чек суретінде міндетті түрде күні, ЖСН (немесе БИН), қорытынды сома көрсетілуі шарт.
Төмендегі чектер есептелмейді:
- Бір чектің екі мәрте қайталануы;
- Акция талаптарына сай емес чектер.
Кәсіпкерлер чек бермесе немесе кассалық аппараттар сауда орындарында болмаған жағдайда қатысушылар Мемлекеттік кіріс департаментіне хабарласа алады. Ол үшін жоғарыдағы нөмірге ақпараттық хабарлама жіберу керек. Хабарламада міндетті түрде нысанның атауы, мекен-жайын (мүмкін болған жағдайда ЖСН, БИН, салық төлеушінің атауын) жазу қажет.
Сыйлықтар ұтысы 2015 жылғы 05 шілдеде өткізіледі.