Астана қаласында діни ахуал тұрақты - әкімдік өкілі

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астана қаласында діни ахуал тұрақты. Бұл туралы бүгін жат пиғылды діни бірлестіктерден зардап шеккендерге көмек көрсететін жаңа Орталықтың ашылуына орай

Астана қаласында діни ахуал тұрақты - әкімдік өкілі

өткен баспасөз мәслихатында қалалық Ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бастығы Руслан Қамаш мәлім етті.

Мәлім болғандай, 700 мыңнан асып жығылатын Астана халқының 65 пайызы ислам дінін, 28 пайызы православ дінін ұстанады. Қазіргі таңда елордада 55 діни ұйым ресми тіркеліп, жұмыс істеуде. Оның 9-ын ислам, 4 - орыс православ, 33 - протестанттық діни бірлестіктер құрайды.

«Жалпы алғанда қаладағы діни ахуал тұрақты. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі, елордалықтардың 57 пайызы діни ахуалды - тұрақты, 36 пайызы - жағымды және тек 0,7 пайызы өте қауіпті деп бағалайтындығын көрсетті»- деп атап өтті Р.Қамаш.

Мамандардың айтуынша, соңғы он жылда Қазақстандағы діни ахуал едәуір өзгерістерге толы болды. Діни бірлестіктердің саны 1990 жылғы 670-тен 4,5 мыңның ар жақ бер жағына жетті. Олардың арасында қоғамның санасын улауды мүдде еткен, денсаулыққа, жеке мүлікке зардап әкелетін діни бірлестіктер де жоқ емес. Олармен құзырлы органдар шама-шарқынша күресіп бағуда. Бір мысал, Қазақстанда және одан тыс жерлерде Ата жолы (Ақ жол) және Алля-аят (фархатшылар) атты теріс пиғылды ұйымдар жұмыс істейді.

«Олар жалған сауықтыру қызметімен айналысады. Сауықтыруды желеу етіп, адамдардың ақшасына қол сұғады, психологиялық кері әсер ете отырып, өздеріне емші бола аласын деген сенімді ұялатады. 2009 жылдан бастап олардың жұмысына тыйым салынды», - дейді жаңадан құрылған Діни мәселелерді зерттеу және психологиялық оңалту орталығының жетекшісі Есбосын Смағұлов.

Е.Смағұловтың айтуынша, желілік маркетинг қағидатымен жұмыс істейтін, қазір аттары басқаша аталатын осы сынды бірлестіктер халықты «сауықтыруға» елдің оңтүстігіне, Түркістанға, Шонжыға әлі де апаруда.