Астана қаласында кондитерлер фестивалі өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - 4 шілде күні сағат 10.00-де Қала күні қарсаңындағы дәстүрлі мереке - Астана қаласы кондитерлерінің фестивалі өтеді.
Кондитерлік өнім шығаратын 20-дан астам кәсіпорындар Конгресс-холда қала тұрғындары мен қонақтарына тәтті үлестірмек. Бұл туралы Астана қаласының 16 жылдығына арналған мерекелік шараларды дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің медиа-штабынан хабарлайды. Кондитерлер фестивалі Астанадағы кондитерлік өнер дәрежесін арттыруға, кондитерлік шеберлікті дәріптеу мақсатында өткізіліп келеді. Аталмыш шара аспаз шеберлерге өздерінің тәтті туындылары мен таңдаулы тағамдарын кең ауқымда таныстыру және тәттіқұмар жандарға дәмді мереке куәгері болу үшін таптырмас мүмкіндік. Фестиваль қатысушылары Астана тұрғындары мен қонақтарына ең басты «Астана - сүйікті қалам!» аталымында сан түрлі торттарды ұсынбақ. Ұйымдастырушылардың пікірінше, фестиваль қоғамдық тамақтану саласында мамандардың кәсіби деңгейін арттырғу сеп болмақ. Шара аясында көрме-жәрмеңке өткізіліп, дайындалған тағамдардан дәм үлестіріледі.