Астана қаласында тұрғын үй нысандарын пайдалануға беру өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 7,5 пайызға артты
АСТАНА. Сәуiрдiң 24-i. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Астана қаласының негiзгi капиталына жұмсалған инвестициялар көлемi үстiмiздегi жылғы қаңтар мен наурыз аралығында 35,3 млрд теңгенi құрады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласының Статистикалық департаментiне сiлтеме жасап.Негiзгi капиталға жұмсалған қаражаттың басым бөлігін ұйымдар, кәсiпорындар мен халықтың жеке қаражаты мен бюджет қаражаты құрап отыр. Атап айтқанда, кәсiпорындар мен тұрғындардың үлесi 36,8 пайыз болса, бюджет қаражаты 34,9 пайызға тең. Қаңтар мен наурыз аралығында негiзгi капиталға жұмсалған инвестициялардың жалпы сомасы құрылыс-монтаж жұмыстарының есебiнен түгенделдi. Оның көлемi - 26,3 млрд теңге. Бұл көрсеткiш 2008 жылғы қаңтар - наурыз айында 29,3 пайыз болған едi.Тұрғын үй құрылысына 8,5 млрд. теңге инвестиция салынды. Салыстыра кетсек, 2008 жылғы қаңтар-наурыз аралығында бұл шама 13,8 пайыз болған. Жалпы көлемі 526,7 мың шаршы метр 4 382 пәтерлi тұрғын үйлер пайдалануға берiлдi. Бұл 2008 жылғы осы мерзiммен салыстырғанда 7,5 пайызға артық. Есеп беру кезеңiнде Астанадағы тұрғын үйдiң 1 шаршы метрiнiң орташа нақты құны 80,4 мың теңге болды. Бұл шама 2008 жылғы қаңтар - наурызында 78,4 мың теңге едi. Сондай-ақ Қазақстан гуманитарлық-заң университетiнiң бас оқу корпусы, 3600 оқушыға арналған үш мектеп, ауысымына 380 кiсiнi қабылдайтын емханасы бар онкологиялық диспансер, сол жағалаудағы Конгресс-холл, «Астана қаласының Оңтүстiк айналмасы» айналма жолы, газ толтыратын стансы, дәмханалар, мейрамханалар, ТҚС, ЖҚС, кеңсе ғимараттары iске қосылды.