Астана қаласында жай түсуден зардап шеккен 6 баланың 5-еуі ауруханадан шықты

АСТАНА. Тамыздың 6-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласында тамыздың 5-і күні жай түсіп, ауруханаға жеткізілген 6 баланың 5-еуі толық сауығып шықты.

Астана қаласында жай түсуден зардап шеккен 6 баланың 5-еуі ауруханадан шықты

Бұл туралы бүгін ҚазАқпарат тілшілеріне сұхбат берген №2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Қаршыға Құлмұханов мәлім етті.

Еске сала кетейік, бүгін таңертең ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі кеше, тамыздың 5-і күні 18 сағат 17 минутта Есіл ауданында орналасқан елордалық ойын-сауық саябағындағы жағажайда демалып жүрген 11 адамға жай түскендігін, оның ішінде 35 жастағы бір әйелдің оқиға орнында қаза тапқанын хабарлаған болатын.

Соңғы анықталған мәліметтер бойынша, найзағай салдарынан барлығы 12 адам зардап шекті, оның бірі көз жұмса, 11 адамның арасында алты бала - №2 қалалық балалар ауруханасына, бес азамат - Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығына жатқызылды.

Қ.Құлмұхановтың айтуынша, қазіргі уақытта алты баланың бесеуі жақсы денсаулық жағдайымен үйлеріне қайтарылды.

«Қайта жасалған зертханалық талдаулар олардың денсаулықтарына қауіп жоқтығын көрсетті. Ал біреуінің жағдайы сәл ауырлау, оған төсек режімі белгіленді. Балалар электр қуатының аймағына түсіп қалған. Оларды періштелері қағып қалды деп айта аламын», - дейді бас дәрігер.

Сондай-ақ Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Ляззат Ахметниязова, Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығына жатқызылған азаматтардың да жағдайы қанағаттанарлық екендігін мәлім етті.