Астана қаласындағы 13 құрылыс бойынша іс сотта қаралып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы құрылысы тиісті рұқсаттарды толық алмастан басталған 90 нысанның 46-сында жұмыстар жалғаса береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана қаласындағы 13 құрылыс бойынша іс сотта қаралып жатыр

Бұл жайында Астана қаласының қалалық орта сапасы жəне бақылау басқармасының редакция сауалына берген жауабында айтылған.

«Астана қаласы аумағында жыл басында рұқсат құжаттары жоқ 90 құрылыс нысанының құрылысы тіркелді. Бүгінгі таңда 90 нысанның 46 ұйымы құрылысқа барлық рұқсат құжаттарын алды. Қалған 44 құрылыс нысаны бойынша ескертулерді жою және барлық рұқсат құжаттарын, оның ішінде экологиялық қорытындысын алу процесі жүргізілуде», - деп жазылған ресми мәліметте.

2023 жылы Астана қаласының қалалық ортаны бақылау және сапа басқармасы Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына құрылыс-монтаждау жұмыстарын тоқтата тұруға және бұзуға 63 талап арыз жолдаған.

«Оның ішінде 13 талап арыз сотта қаралуда. 50 талап-арызды қанағаттандыру туралы шешім шығарылды. Соттардың 8 шешімі заңды күшіне енген жоқ. 42 сот шешімі Астана қаласының Әділет департаментінің орындалуында», - деп жазылған әкімдік жауабында.

Бұған дейін сот шешімімен бұзуға жіберілген 4 тұрғын үйдің құрылысы қайта жалғасатын болғанын жазған едік.