Астана қаласындағы №24 орта мектеп 40 жылдық мерейтойын атап өтті
АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Кеше Астана қаласындағы №24 орта мектеп өзінің іргетасы қаланғанына 40 жыл толуын атап өтті. Бұл мектеп «Пригородный» кентінде орналасқан.
Осы мерейтойға арналған салтанатты шараға Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина қатысып, мектептің соңғы жылдардағы табыстарын атап өтті. Алдағы уақытта білім беру ісінде жетістіктері мол болуына тілегін білдірді. Шынымен де, бұл мектеп білім және өнер саласы бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мектептің үздік оқитын шәкірттері қалалық, республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарды иеленіп жүр. Айталық, бір оқушы орыс тілі пәні бойынша өткен республикалық жарыста екінші орын алса, басқа да пәндерден жақсы нәтиже көрсетіп жүрген шәкірттер бар.
Білім ұясының осындай игі қадамдарын ескере келе, Астана қалалық білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина осы мектептің 9 мұғаліміне Алғыс хат пен Құрмет грамоталарын табыс етті.
Бүгінгі іс-шараға Есіл аудандық әкімшілігінің, Астана халықаралық әуежай АҚ-ның және «Жасыл аймақ» мемлекеттік кәсіпорының өкілдері қатысты.
Мектеп мерейтойына құрметті қонақ ретінде зейнет демалысындағы ардагер ұстаздар шақырылды. Білім ұясының 20-ға жуық бұрынғы мұғалімдері келді. Араларында мектеп ашылған кезден бері қызмет жасаған ұстаздар да бар. Соның бірі Сара Қалиқызы Жазина мектептің ұстаздар ұжымына, шәкірттерге ізгі тілегін жеткізді. Мектептің қазіргі заманғы технологиялармен қамтамасыз етілгенін, білім беру ісі жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті. Ардагерлер бүгінгі жағдайға қарап, өздері жұмысқа қайтадан келгісі келетінін жасырмады.
№24 орта мектептің директоры Ғабит Сүндетов: «Ұстаздар қауымы тәуелсіз еліміздің жас ұрпағын тәрбиелеп, алға қойған міндеттерді орындау жолында еңбек етуде. Басты мақсатымыз - білім беру сапасын жетілдіру, мұғалімдеріміз де, шәкірттеріміз де білім нәтижесі арқылы алдыңғы қатардан көріну. Мектеп ұжымы осы бағытта жұмыс істеп жатыр»,- деді.