Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейде Елбасының қатысуымен «Жас Ұлан» біртұтас балалар-жасөспірімдер ұйымының алғашқы мүшелерін қабылдау салтанаты өтеді
АСТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат - 2011 жылғы 1 қыркүйекте Астана қаласындағы №66 мектеп-лицейде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жас Ұлан» Біртұтас балалар-жасөспірімдер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің алғашқы мүшелерін қабылдау салтанатты рәсімі өтеді.
Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігі хабарлады.
Салтанатты жағдайда мектептің 150 таңдаулы оқушысы жаңа «Жас Ұлан» ұйымының қатарына қабылданатын болады. «Жас Ұлан» біртұтас балалар-жасөспірімдер ұйымы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде айтқан бастамасы бойынша құрылды.
«Жас Ұлан» қызметінің ерекшелігі - балалар мен ересектердің ынтымақтастығы. Балғын «жасұландықтар» өскелең ұрпақты тәрбиелеуде мектептердің педагогикалық ұжымдарының тірегі болуы тиіс.
«Жас Ұлан» жаңа тұрпатты жас қазақстандықты, ұлттың болашақ элитасын қалыптастыруға бағытталған балалар мен жасөспірімдер үшін бірегей ұйым.
Бұл күні Мемлекет басшысы елордалық «Нұр Орда» қазақ-түрік лицейі» білім кешенінде болады. Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиынға және тарих сабағына қатысады.