Астана қаласындағы мектептер жақын орналасқан елді мекендер, шағын аудандар және көшелер бойынша бөлінді

АСТАНА. Тамыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - 2009-2010 жаңа оқу жылында астаналық мектептердің табалдырығын 6 мың 500-ден астам бірінші сынып оқушысы аттайды.

Астана қаласындағы мектептер жақын орналасқан елді мекендер, шағын аудандар және көшелер бойынша бөлінді


Астана қаласы әкімдігі балаларын мектепке беретін ата-аналар үшін мектептерді жақын орналасқан аумақтар бойынша бөліп, тізімін жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Ата-аналардың ыңғайы үшін қала әкімдігі, Астанадағы жалпы білім беретін мемлекеттік 57 мекемені, мектепке жақын орналасқан елді мекендер, шағын аудандар, көшелер мен жаңадан  салынған тұрғын үйлердің аттары бойынша бөліп, тізім жасады. Яғни баласын мектепке бергісі келген ата-ана алдымен, тұрғылықты жеріне қарасты мектептің атауын не нөмірін біліп алуы тиіс. Тізімді елорда әкімдігінің ресми сайтынан (www.astana.kz ) көре аласыз.

 Қала әкімдігі сондай-ақ, орта білім беретін 7 мектепке қабылдау баланың тұрғылықты жеріне қатысынсыз жүргізілетінін жеткізеді. Олар - қыздар мен ұлдарға арналған 2 қазақ-түрік лицейі, «Ориентир» кәсіби даярлық алдындағы мектеп, «Зерде» дарынды балаларға арналған физика-математикалық мектебі, денсаулықты түзеу арнайы мектеп-интернаты, №39-шы кешкі мектеп және Астана қаласының балалар үйі.

 Сонымен қатар, оқуға  қабылдау республикалық деңгейде жүргізілетін мекемелер бар, олар - Қ.Мұңайтпасов атындағы спортқа бейімді балаларға арналған республикалық мектеп-интернат, Қазақ Ұлттық музыка академиясы жанындағы мектеп және дарынды балаларға арналған облыстық арнайыландырылған жалпы білім беру мектеп-интернаты.