Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің алғашқы түлектері түлеп ұшты
АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Ертең сағат 16.00-де Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде 11-сынып оқушыларына жалпы орта білім туралы аттестат тапсыру рәсімі салтанатты түрде өтеді.
Мерекелік іс-шарада түлектерге аттестат тапсырылады. Бұл туралы аталмыш оқу орнының баспасөз қызметі хабарлайды.
Осы күні мектеп қабырғасынан 41 түлек шығады, олардың барлығы мемлекеттік емтиханды ойдағыдай тапсырды. Биылғы жылдың басты жаңалығы және ерекшелігі - мемлекеттік емтиханды тапсыру. Бұл емтихандарды «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы ұйымдастырып, өткізді және қорытынды бағалар ҰБТ баллдарына ауыстырылып, әр оқушыға еліміздің жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беретін сертификаттар тапсырылады.
Түлектердің ішінде үш оқушы «Алтын белгі» және екі оқушы үздік аттестатқа қол жеткізді. «Алтын белгі» иегерлері - Алтаев Абзал, Ниязхан Ботакөз және Айтмұрат Ақжүніс.
«Оқу жылы бойы оқушылар тек қана білім алуды жалғастырып қоймай, сонымен қатар Назарбаев Университетіне оқуға түсу үшін де тер төкті, солардың ішінен 15 оқушы алға шықты. Ендігі кезекте олар өз білімдерін Назарбаев Университетінде жалғастырады» делінген баспасөз хабарламасында.
Осы оқу жылының тағы бір ерекшелігі ағылшын тілі пәнінен білімі мен біліктілігін тексеретін IELTS емтиханын тапсыру болды.
Салтанатты жиында түлектердің ата-аналары, мектептің серіктестері және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басшылығы құрметті қонақтар қатарынан орын алады.