Астана қаласының 64 студенті WorldSkills Kazakhstan қалалық чемпионатына қатысады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 11-12 наурызда Кәсіптік-техникалық колледжде WorldSkills Kazakhstan қалалық чемпионаты өтеді. Конкурсқа 18-22 жас аралығындағы 64 колледж студенті мен кәсіпорынның жас мамандары қатысады, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Конкурсқа қатысушылар аспаз ісі, желілік және жүйелік әкімшілік ету, веб-әзірлеме, шаштараз өнері, киім дизайны, мейрамхана сервисі, дәнекерлеу технологиясы, кондитер ісі, мектепке дейінгі тәрбие бойынша өзара сайысқа түседі.
Чемпионаттың мақсаты - мамандық мәртебесін, студенттердің және жас мамандардың кәсіби шеберлігін арттыру, білім алушылардың шығармашылық қабілеттері мен қызығушылығын қолдау, жұмыс дағдысы мен тәсілдерін жаңғырту және республикалық конкурсқа қатысушыны анықтау.
Еске салайық, Қазақстан WorldSkills International халықаралық қозғалысына 2014 жылы қосылды. Астанада қалалық чемпионат алғаш рет былтыр өткізілді.