Астана қаласының әкімдігі Еуропалық Сапа менеджменті қорының сертификатына ие болды
АСТАНА. 20 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астана қаласының әкімдігі Еуропалық Сапа менеджменті қорының (EFQM) сертификатына ие болды.
Бұл туралы әкімдіктің баспасөз қызметінен мәлім етті.
2011 жылдың 19 желтоқсанында Брюссельде, Еуропалық Сапа менеджменті қорының штаб-пәтерінде Астана қаласы әкімдігіне «Мүлткісіз мойындалғандық» сертификатын тапсыру салтанаты өтті.
Шара барысында EFQM бас директоры Пьер Каше Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановқа сертификатты табыс етті. Ол, EFQM-ның «Мүлтіксіз мойындалғандық» сертификаты Қазақстан елордасының Еуропада кең таратылған басқару стандарттарына сәйкес келуге ұмтылушылығын қуаттайтындығын атап өтті.
Осылайша, Астана қаласының әкімдігі EFQM сертификатына ие болған қазақстандық бірден бір мемлекеттік орган болды. Әлемде белді халықаралық қордың сертификатына барлығы төрт муниципалитет (әкімдік) қана ие. Айта кетейік, соңғы жылдарға дейін EFQM сертификаты коммерциялық кәсіпорындарға беріліп келді. Бірақ 2008 жылы алғаш рет сертификатты Түркияның Бурса қаласы алды. Одан кейін, марапатқа польшалық Джержониов (2010 жылы) және испандық Киудад (2011 жылы) қалалары лайық деп танылды.
Шара барысында Астана әкімдігі EFQM-дің алдыңғы қатарлы еуропалық ұйымдар тізіміне енгендігі атап өтілді. Бұл өз кезегінде, қаланың имидждік келбетін қалыптастыруға септігін тигізері сөзсіз.