Астана қаласының әкімдігінде көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттау салтанаты өтті

СТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласының әкімдігінде 6 және одан да көп баланы тәрбиелеген аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен салтанатты түрде марапатталды,

Астана қаласының әкімдігінде көп балалы аналарды «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапаттау салтанаты өтті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен бүгін «Алтын алқаны» - 60 және «Күміс алқа» алқасын - 24 ақжаулықты ана тақты. Мемлекеттік наградаларды Сарыарқа ауданының әкімі Сәбилә Мұстафина тапсырды.

С.Мұстафинаның сөзіне қарағанда, 6 және одан да көп балаларды тәрбиелегені үшін мемлекеттік медальдар аналардың келіп түскен өтініштеріне байланысты кезең-кезеңімен тапсырылып келеді. Бұған дейін бұл құрметті алқаны Сарыарқа ауданында тұратын 11 көп балалы ана таққан болатын. Алдағы күндері олардың қатары тағы 54-ке толығады деп күтілуде.

Аудан әкімінің айтуынша, Президенттің Жарлығымен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» медальдарымен марапатталуы тиіс көпбалалы аналардың нақты санын дөп басып айту мүмкін емес. «Себебі Астанада көші-қон үрдістерінің қарқыны жоғары. Сондықтан статистика да күн сайын өзгеріп отыр», - дейді ол.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен көп балалы аналарға құрмет атақтарын беру тәртібі қайта қаралып, 2010 жылдан бастап «Алтын алқа» наградасы 7 баланы, ал «Күміс алқа» 6 баланы тәрбиелеген аналарға берілетін болып ұйғарылды. Осындай наградаларға лайықты аналар ай сайын 8 мың 478 теңге мөлшерінде арнайы мемлекеттік жәрдемақы алады.