20:50, 24 Қараша 2014 | GMT +5
Астана қаласының әкімі жолаушылар автобусы мен «КамАЗ» көлігінің соқтығысуын «сорақылық» деп атады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада биыл жол-көлік оқиғалары мен техникалық бұзылыстар санының артуы байқалады. Биыл қазан айында өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ЖКО саны 83-ке өскен. Бұл туралы бүгін Астана қаласы әкімі Әділбек Жақсыбековтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте қала басшысы айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметінен.

«Сенбі күні, 22 қарашада №43 бағыттағы автобус пен «КамАЗ» маркалы көлігі соқтығысқан. Оқиға салдарынан 22 адам медициналық көмекке жүгінсе, 7 адам ауруханаға жатқызылды. Бір аптада қоғамдық көліктің қатысуымен екі ЖКО орын алды, бұл барып тұрған сорақылық. Қалалық прокурорға, ІІД бастығына істің мән-жайын анықтап, осындай жағдайларға бұдан былай жол бермеу үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырамын», - деді Ә.Жақсыбеков. Өткен аптада қала тұрғындарының өтініш-тілектерінің басым бөлігі қоғамдық көлік жұмысындағы ақауларға қатысты болды. Автобустардың қозғалыс уақыты аралығының ұлғаюы, олардың лық толы болатыны айтылған. Қала басшысы адамдар көп жүретін желілерге жаңа 36 автобус шығаруды тапсырды.