Астана қаласының Арнайы прокурорлар басқармасының айрықша назарына іліккен 13 қылмыстық істің 9-ы - сыбайлас жемқорлық
АСТАНА. 26 қаңтар. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Астана қаласының Арнайы прокурорлар басқармасының қарауында13 қылмыстық іс болса,
оның 8-і прокурорлардың айрықша назарына алынып, тікелей тергеу шарасынан өткен. Қылмыстық істердің 9-ы сыбайлас жемқорлықпен байланысты болса, 2-еуі экономика саласына қатысты болып отыр.
Сыбайлас жемқорлықтың бір көрінісі ретінде Астана қаласы прокурорының көмекшісі, Арнайы прокурор О. Аяғанов сараптама нәтижесін жағымды жағынан көрсетуге келісім беріп, сол үшін 100 000 теңге мөлшеріндегі пара алған Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөндірістік кешеніндегі мемлекеттік инспекциясы комитеті Егін шаруашылығындағы фитосанитарлық қауіпсіздік және мемлекеттік инспекциясы басқармасының бас сарапшысы К.Тынышбаев ісін атап өтті. 2010 жылдың 15 шілдесінде Сарыарқа аудандық № 2 сотының үкімімен К.Тынышбаев кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылған.
Тергеу ісі барысында Арнайы прокурорлар Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы К.Сүлейменов пен Комитеттің лауазымды тұлғалары Н.Сыздықов, Ж.Сералиев сынды азаматтардың теңіз катерлерін сатып алу кезінде, өздерінің қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдалануы салдарынан, мемлекет мүддесіне 318 млн. теңге көлемінде ірі залал келтірілгенін анықтады. Бұл оқиға 2010 жылдың 21 желтоқсанында орын алған. Жазалау шарасы ретінде аталған тұлғаларға 500 АЕК көлеміндегі айыппұл тағайындалды.
Сонымен қатар О. Аяғанов «Астана қаласының Тұрғын үй департаменті» ММ-нің бұрынғы директоры С.Ногай, «Пәтер бюросы» АҚ-ның бұрынғы бас директоры М.А.Омаров және оның орынбасары В.М.Калашниковтың үстінен 270 млн. теңге мөлшердегі бюджеттік қаражатты ысырап еткені үшін қозғалған қылмыстық істердің сотта қаралуы аяқталуға жақын.
Аяғановтың мәлімдеуінше, Сыртқы істер министрлігінің Консулдық қызмет департаментінің бұрынғы екінші хатшысы А.Жаутиктің, Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданы аумақтық учаскесінің аға орындаушысы Д.Шындәулетовтың Қазақстан Республикасының қызметтік төлқұжатының жалған 22 данасын жасаумен байланысты болған заңсыз әрекеттері әшкереленіп, оларға қатысты қозғалған қылмыстық істер ағымдағы жылдың басында сотқа тапсырылды.
«Қазіргі уақытта Н.Прищиц пен басқа да жалған кәсіпкерлерді Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабының 2-бөлігінің «б» тармағымен айыптау бойынша қылмыстық іс тергелуде. Алдын ала тергеу барысында Прищиц басшылық еткен топтың мемлекетке 559 млн. теңге мөлшерінде залал келтіргені анықталды» - деді О. Аяғанов.
Арнайы прокурорлардың жұмысы барысында қылмыстық істерді әшкерелеу мен жазалау шарасын жүзеге асыру кезіндегі жазаның бұлтартпастығы принципінің сақталуы әрі толыққанды қамтамасыз етілуі ерекше назарға алынбақ.