«Астана қаласының азық-түлік белдеуі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша 19 қылмыстық іс қозғалды - Қаржы полициясы
АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - «Астана қаласының азық-түлік белдеуі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша 19 қылмыстық іс қозғалды.
Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
«2010-2011 жылдары «Астана қаласының азық-түлік белдеуі» мемлекеттік бағдарламасы аясында бөлінген бюджет қаражатын ұрлау фактілері бойынша 19 қылмыстық іс қозғалды. Бұл бағдарлама бойынша Астананың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауылшаруашылық өндірушілерін жеңілдетілген несиелеу қарастырылған», - деді ол.
Мәселен, ресми өкілдің айтуынша, Ақмола облысында 101 млн. теңге мөлшерінде несиені заңсыз алуға жәрдемдескені үшін шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасында Аграрлық несиелік корпорациясы басқармасы төрағасының орынбасары Б.Тарабаев кесілді.
Сондай-ақ, Целиноград ауданының соты 6 жылға бас бостандығынан айыруға «Тұлпар» ауылдық өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы Сухамбековті соттады. Ол аталған мемлекеттік бағдарлама аясында Аграрлық несие корпорациясынан сүтті өңдеу бойынша жабдықтарды сатып алуға 216 млн.теңге несие алып, оны жеке басына пайдаланған.
«Жаңабековке қатысты қылмыстық іс соттың қарауында. Ол Аграрлық несие корпорациясынан 619,2 млн. теңге мөлшерінде заңсыз несие алған деп айыпталуда. Бұл несиені алу үшін кепілдікке «Зерендинский МТС» ЖШС-нің 1089 қатысушыларының иелігіндегі 38,4 мың гектар көлеміндегі жер учаскесін заңсыз берген», - деді М.Жұманбай.