Астана қаласының Бас имамы мұсылман қауымды 23 сәуір күні өтетін жалпықалалық сенбілікке жұмыла қатысуға шақырды

АСТАНА. 21 сәуір. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының Бас имамы мұсылман қауымды 23 сәуір күні «Біз таза қаланы қолдаймыз!» ұранымен өтетін жалпықалалық сенбілікке жұмыла қатысуға шақырды.
None
None

«Иманғали Тасмағанбетов қала басшысы ретінде кіндік қаланың таза да көрікті болуы үшін бар күш-жігерін жұмсап келеді. Алла жар болсын! Астана әкімдігінің ұйымдастыруымен 23 сәуір күні «Біз таза қаланы қолдаймы!з» ұранымен жалпықалалық сенбілік өтеді. Мұсылман адам әрдайым жақсы іске жанашыр болып, әрбір істе өзгеге үлгі-өнеге болуы тиіс. Осыған орай барша астаналық мұсылман қауымды аталмыш шараға атсалысуға шақырамыз. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», демекші, өзіміз тұратын қаланы, жүретін жолдар мен көшелерді және отбасымызбен демалатын орындарымызды тазалау науқанына атсалысайық. Алла тағала тазалықты және таза болғандарды жақсы көреді. Ендеше, Жаратқанға жақындататын сауапты істен құр қалмайық!», - делінген ҚМДБ-ның наиб мүфтиі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы Қалижан Заңқоевтың бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратқан үндеуінде.

Имамның айтуынша, ағаш сөзі Қасиетті Құранның 19 жерінде келсе, егу мен осы түбірден шығатын сөздер иләһи кітапта 13 орында айтылған. Олар жайында көптеген хадистер де бар. Олардың бірқатарында пенденің жасаған амалына берілетін сауап ағашпен бейнеленген. «Тіпті, қиямет күні пендеге істеген ізгі амалдары үшін берілетін сыйлықтардың ішінде ағашты атап өтуі де тегіннен емес. Егер әрбір әке баласымен бірге бір тал көшет отырғызып, ағаш тамырын тереңге жайғанша бағып-қағып қарайтын болса, бала үшін бұдан асқан қандай сабақ керек?! Бала еңбекқорлық пен бастаған ісі нәтиже бергенше төзімділік танытуға үйренеді. Онымен бірге, Пайғамбарымыз (с.а.с) Аббас көкесіне: «Ағаш отырғызу ісін қолға ал, себебі ағаш кедейлікке тосқауыл болады»,- деген», - дейді ол.

Имамның айтуынша, жеміс беретін ағаш пен көшелерге көрік сыйлап, саябақтарда көлеңке беріп тұратын жай ағаш түрлерін отырғызудың сауабы бір.

Ел танымас үшін қарапайым шаруаның киімін киіп алып ел аралап жүрген патша, көшет отырғызып жатқан ақсақалды кезіктіреді. Патша қариямен амандасып, оған ағаш жеміс салғанша біраз жыл өтетіндігін, қарт оның жемісін өзі жей алмайтындығын меңзейді. Қария болса: «Ата-бабаларымыз отырғызып кеткен ағаштың жемісін біз жедік. Ал, енді біз де немерелеріміз үшін жеміс ағаштарын қалдыруымыз керек қой», - деп жауап қайырды. Қара басын емес, болашақ ұрпақты ойлаған ақсақалға тәнті болған патша оған күміс теңгелі қалташаны сыйға тартады. Байсалдылығынан еш танбаған қария: «Балам, мен отырғызған ағаштарым жеміс бере бастады», - депті жымия. Қарттың даналығына сүйсінген патша тағы бір қалта теңге ұсынды. Қария: «Менің ағаштарым жылына екі рет жеміс салды», - деді. Сонда нөкерлері: «Алдияр тақсыр, бұл арадан тез кетіп қалмасақ, мына қария қалтамыздағы бар қаражатымызды қағып алар», - деген екен. Данагөй ақсақалмен бірер уақыт қана сұхбаттасқан патша өз сарайына барысымен-ақ «әрбір бала үшін бір көшет отырғызылсын», - деп жарлық берген екен.

«Әрине, ағашты отырғызумен шаруа бітпейді. Бұдан әрі ағаш тамыр жайлап, жапырағы жайқалғанша ол күтімді қажет етеді. Сондықтан ағаштың түбі мен көлеңкесін ластап кетушіге шариғатта қатаң тыйым салынады. Бірде Алла елшісі (с.а.с) сахабаларына: «Лағынетке кіріптар ететін екі әрекеттен сақ болыңдар», - деді. Сахабалар: «Уа, Расулаллаһ, ол екі жайт не?», - деп сұрады. Ол кісі (с.а.с): «Адамдардың жүретін жолына немесе ағаш көлеңкесіне дәрет сындыру», - деп жауап берді», - деп тағы бір мысал келтірді Қ.Заңқоев.

Бас имамның айтуынша, қоқысты арнайы күл-қоқыс жәшігіне салу, автобустан түскен соң қолдағы жол билетін жерге тастамау, ішкен сусын ыдысын жол жиегіне лақтырмау - адам баласының имани тазалығының көрінісі. Яғни, сізді біреудің көріп тұруы шарт емес, оны ең бастысы Жаратушы Алла тағала көріп тұр. «Тазаланған жер таза болмайды, тазалықты сақтаған жерде тазалық болады», - деген дана сөз осыдан қалған.

Соңғы жаңалықтар