Астана қаласының эпидемиологтары АИТВ инфекциясына тексерістен өтуге шақырады
АСТАНА. 17 мамыр. ҚазАқпарат - Жексенбі, 19 мамыр күні бүкіл әлемде 30-ыншы рет ЖИТС-тен (СПИД) көз жұмғандарды еске алудың халықаралық күні атап өтіледі.
Мамыр айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін жыл сайынғы датаның биылғы ұраны - «Тілектестік белгісі ретінде», деп хабарлады Астана қалалық «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының» баспасөз қызметі.
ЖИТС құрбандарын еске алудың халықаралық күні алғаш рет 1983 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында атап өтілді. Сол уақыттан бері эпидемия 300 млн.-нан астам адамның өмірін қиды. Күн сайын әлемде ЖИТС-тен 5500 адам көз жұмады. Өткен ғасырда бұл дерт өлімге алып келетін кесел болып саналды, бүгінде АИТВ (ВИЧ) инфекциясы дауасы жоқ созылмалы ауру ретінде айтылады. Бұл тәжірибеге науқастың өмір сүруін ондаған жылдарға ұзартатын және кері әсерлері анағұрлым аз антиретровирустық терапияның, жаңа емдік препараттардың енгізілуімен байланысты.
Астанада ЖИТС-тен бақилық болғандардың саны 14 адамды құрайды. Олардың дені - 30 жасқа толмаған жастар.
2013 жылдың өткен төрт айы ішінде Астанада АИТВ инфекциясын жұқтырудың жаңадан 45 оқиғасы тіркелді. Мамыр айының 1-індегі жағдай бойынша, қалада инфекцияға шалдығудың 627 оқиғасы тіркелді. 100 мың адамға шаққанда көрсеткіш 82,4-ті құрайды (2013 жылдың 1 сәуіріндегі көрсеткіш - 119,9). Вирусқа шалдыққандардың дені - 20-39 жас (61,3 пайызы) аралығындағы тұлғалар.
Халықаралық датаға орай Астана қаласы ЖИТС орталығының мамандары бұл дерттің алдын алу бойынша кең ауқымды іс-шаралар өткізеді. Мәселен, бір ай бойы медициналық мекемелердің, өндірістік кәсіпорындар мен бизнес құрылымдардың қызметкерлерімен, мектептердің, арнайы оқу орындары мен ЖОО-лардың оқытушыларымен «дөңгелек үстелдер», семинарлар, тренингтер ұйымдастырылады. Орталықтың эпидемиолог-дәрігерлері ЖОО студенттеріне АИТВ/ЖИТС мәселелері бойынша кеңестер беріп, ақпараттық материалдар таратпақ. Сондай-ақ аталмыш мекемелерде кез келген азамат нәтижесі 5 минуттың ішінде белгілі болатын қандағы АИТВ инфекциясын анықтау бойынша экспресс-тестіден өте алады.
Онымен қоса, қаланың 15 мың тұрғыны тегін тексерілуге СМС-хабарлама алатын болады. Айта кету керек, қалалық ЖИТС орталығында АИТВ-ға тексерілу әр уақытта тегін және қаланың кез келген азаматы Орталыққа қалаған уақытында жүгіне алады.