Астана қаласының Есіл ауданында 2 мектептің ашылуы жоспарлануда
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа және қазақстандықтардың тұрмыс деңгейін көтеруге көп көңіл бөлді. Әлеуметтік бағыттағы жобаларды жүзеге асырудың басты мәселесі болып үш ауысымдық оқу жүйесін және мектепке дейінгі мекемелердегі кезекті жою болып табылады.
Есіл ауданы әкімінің орынбасары Гүлнәр Қасенованың айтуынша, 2014 жылы ауданда 3600 орындық 3 мектеп пен 240 орындық балабақша салынды. Алдағы уақытта 1200 орындық 2 мектеп пен жалпы жобалық қуаты 480 орынды құрайтын 2 балабақша ашылады деп күтілуде, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Жалпы, аудан бойынша 11 мемлекеттік балабақша мен 10 мектеп, 2 колледж бен 3 университет қызмет көрсетеді. Оның ішінде Елбасының бастамасымен ашылған Кәсіби-техникалық колледж, Назарбаев университеті мен Тұңғыш Президент - Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті бар.
«Жаңа экономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы айта отырып, Президент заманның жаңа талаптарын тек мықты мемлекеттер мен ынтымағы жарасқан елдер ғана орындай алатынын жеткізді. Әрине, сенім мен толеранттылық - бұл қарқынды даму мен жарқын болашақтың кепілі. Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін еселеу біздің қолымызда!» - деді Гүлнәр Қасенова.