Астана қаласының ІІД бизнесмен Қ.Жамалиевке қатысты сотқа дейінгі тергеудің аяқталғанын мәлім етті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД-нің тергеу басқармасы Қ.Жамалиев пен А.Прибытковқа қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлады Астана қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
«Қазіргі уақытта іс материалдарымен танысу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бизнесмен Қайрат Жамалиевтің Астана тұрғыны Әліби Жұмағұловты соққыға жығу фактісінің жұртшылық арасында үлкен талқылау тудыруынан тергеу барысы ҚР Бас прокуроры мен ішкі істер министрінің жеке бақылауына алынды. Қ.Жамалиев 2015 жылдың 23 сәуірінде ұсталды, 24 сәуірде материалдар қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын тағайындау үшін сотқа жіберілген. Есіл ауданы прокурорының санкциясымен күдікті Қ.Жамалиевтің тұратын үйі мен жұмыс орнына үш рет тінту жүргізілді. 25 сәуірде полиция органдары қылмыстың екінші қатысушысы - Жамалиевтің жүргізушісі болған А.Прибытковты ұстады.
Сол күні бұлтартпау шарасын сырттай санкциялау - үшінші күдікті А.Әбілтаевқа іздеу салып, оны қамауға алу туралы өтініш келісілді.
Қ.Жұмалиев бір топ адаммен жәбірленуші Ә.Жұмағұловқа қатысты зорлық-зомбылық көрсетіп, оны бопсалауда айыпталып отыр.