Астана қаласының кардиохирургия орталығынан жасанды жүрекпен алғашқы емделуші шықты
АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат /Мұрат Жәкеев/ - Астана қаласының кардиохирургия орталығынан жасанды жүрекпен алғашқы емделуші шығарылды, деп хабарлады «Ұлттық медициналық холдинг» АҚ-ның баспасөз қызметі.
Медициналық холдингте хабарлағандай, жасанды жүрек имплантацияланған емделуші 42 жастағы Марат Шымбалов болды. Бұл кісіде асқынып кеткен тұмаудан кейін кардиомиопатия - жүрек бұлшық етінің зақымдалуы дамып кетті. «Жүректің сол жақ үлпершегі өз қызметінің 20 %-ын ғана орындай алған. мамандардың айтуынша, мұндай емделушілер орташа есеппен алғанда тек 1,5 жыл ғана өмір сүре алады», деп хабарланды баспасөз қызметінде.
Ұлттық холдингте атап өтілгендей, бұл операция тұрғындарға тегін медициналық көмек көрсету мемлекеттік көлемінің аясында өткізілді.
Санаққа сәйкес, Қазақстанда тұрғындарға кардиохирургиялық көмекті аймақтардағы 486 орындық 20 медициналық ұйым көрсетеді. Бұл 2006 жылмен салыстырғанда 4,5 есе көп. 2010 жылдың өзінде-ақ 10,5 мың кардиохирургиялық қол сұғушылықтар жүргізілді, олардың 3,5 мыңы - ашық жүрекке жасалған операциялар, ал 16,5 мыңынан астамы - коронароангиографиялар, 3 700-ден астам ауру адамға қан тамырлық стенттер қойылды. Атқарылып отырған шаралар қан айналымы ауруларынан болатын өлімді соңғы 5 жыл ішінде шамамен ширек пайызға төмендетуге мүмкіндік берді.