Астана қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген тәртіпке көшті
АСТАНА.16 қаңтар. ҚазАқпарат - Елордада екі күн бойы 15-20 м/с жылдамдықпен жел болып, боран соғып тұр. Метеорологтар дауылды ескерту жариялады.
«Қазгидромет» РМК аstana.kz сайтына хабарлағандай, қолайсыз күн райы қалада 17 қаңтарға дейін сақталады.
«16 қаңтарда, бейсенбі күні, күн бұлтты, қар жауады, боран соғады. Оңтүстік-батыстан 9-14м/с жылдамдықпен жел соғады, екпіні 15-20 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы -4;-6°C, күндіз 0;-2°C болады», - деп болжайды синоптиктер.
17 қаңтарда елордада көшпелі бұлт шығады, түнде аздап қар жауады. Батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады, түнде екпіні 15-18 м/с жетеді. Түнде ауа температурасы -11;-13°C, күндіз -6-8°C болуы ықтимал.
ҚР ТЖ министрлігінің хабарлауынша, ауа райының бұзылуына орай (боран, жолдардың нашар көрінуі) 16.01.2014 ж. сағат 09.00 мин. «Астана-Қостанай», «Астана-Қарағанды» және «Астана-Көкшетау» бағытындағы жолдар барлық көлік түрлері үшін жабылды.
Бүгін Астана көшелеріндегі қарды тазалауға 392 техника шықты. Бұл туралы astana.kz сайтына «Астана-Тазалық» ЖШС баспасөз қызметінен хабарлады. Кеше елордада 713 техника жұмыс істеп, 978 мың тоннадан астам қар арнайы полигондарға шығарылды.