Астана қаласының Наркологиялық диспансері жылына 3 мыңға жуық адамға көмек көрсетеді - Г.Бектаева
АСТАНА. Маусымның 24-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының Медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығында (наркологиялық диспансер) жылына 3 мыңға жуық адам емделеді.
Бұл туралы бүгін Астанада нашақорлықтың алдын алу және жағдайды тұрақтандыру мәселелеріне арналған дөңгелек үстелде аталмыш Орталықтың бас дәрігерінің емдеу жұмыстары бойынша орынбасары Гауһар Бектаева мәлім етті.
Г.Бектаеваның айтуынша, Медициналық-әлеуметтік сауықтыру орталығы (МӘСО) есірткі мен ішімдікке тәуелді науқастарды емдейтін Астана қаласындағы жалғыз орталық. Онда жылына 3 мыңға жуық адам медициналық көмек алады. Оның ішінде 2 мыңға жуығы өз еркімен келетін болса, қалғандары сот шемімі бойынша күштеп жатқызылады.
«Орталықта барлығы 17 мыңға жуық адам есепте тұр, олардың 3,5 мыңнан астамы нашақорлар. Жас ерекшеліктері бойынша айтатын болсам, олар - 20-25 жас аралығындағы жастар», - дейді ол.
Г.Бектаева соңғы уақытта МӘСО-ға көмек сұрап келетіндердің арасында ішімдікке салынған орта жастағы әйелдер жиілеп кеткенін айтады. Аз алкогольді сусындарды жиі қолданып, маскүнемге айналып кеткендерін білмей қалған жастар да кездеседі. «Емделіп шығып қайта түсіп жатқандар да бар. Бұл қиын кесел, себебі оған көптеген факторлар әсер етуі мүмкін, біріншіден ол - әлеуметтік жағдай», - деді.
Бас дәрігер орынбасарының сөзіне қарағанда 2008 бен 2009 жылдың аяғында республика бойынша есірткіге тәуелділердің саны жоғарылап кеткені байқалды. Қазір бұл індет ауыздықталып, жағдай қайта тұрақтана бастады.