Астана қаласының тарихына қатысты 200-ден астам бiрегей құжаттар көрмеге қойылды

АСТАНА. 19 маусым. ҚазАқпарат - Бүгiн ҚР Ұлттық мұрағатында елорданың 15 жылдық мерейтойына арналған «Астананың гүлденуi - Қазақстанның гүлденуi» атты құжаттық көрме экспозициясы ашылды.

Астана қаласының тарихына қатысты 200-ден астам бiрегей құжаттар көрмеге қойылды

Аталған көрмеге тәуелсiз Қазақстанның жаңа елордасы - Астана қаласының қалыптасуына қатысты 200-ден астам құжат пен фотоматериалдар ұсынылған.

Экспозиция «Астана - Қазақстан Республикасының жаңа елордасы», «Астана - халықаралық оқиғалардың орталығы», «Астана - спорт қаласы», «Астана туралы фото және ғылыми-танымал басылымдар», «Астана - фестивальдар қаласы», «EXPO 2017. Астанаға қош келдiңiздер» деген 6 тақырып бойынша ашылып отыр.

Олардың iшiнде ҚР Жоғары кеңесiнiң ҚР астанасын ауыстыру жөнiндегi шешiмi (1994), «Астана туралы» ҚР Президентiнiң Жарлығы (1995) және Ақмола қаласының атауын Астана қаласына өзгерту жөнiндегi ҚР Президентiнiң Жарлығы (1998) сынды аса құнды құжаттарды көруге болады.

Шараға мемлекеттiк және қоғамдық қайраткерлер, ҚР Парламентiнiң депутаты, тарихшылар, мұрағат қызметкерлерi мен елорда тұрғындары қатысты.