Астана қаласының тұрғын үй комиссиясы «мемлекеттік қызметкер» санаты бойынша ең жоғары балл жинаған үміткерлердің арасында іріктеуді бастайды
АСТАНА. Желтоқсанның 7-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Желтоқсанның 7-сінен бастап Астана қаласының тұрғын үй комиссиясы 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына «мемлекеттік қызметкер» санаты бойынша қатысып,
ең жоғары балдар жинаған үміткерлердің арасында іріктеу жүргізе бастайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана қаласының тұрғын үй комиссиясы өткен жұма, желтоқсанның 4-і күнгі отырысында 2008-2010 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысушылардың балдарын толығымен бекітіп, бүгіннен бастап «мемлекеттік қызметкер» санаты бойынша ең жоғары балл жинаған үміткерлерге іріктеу жүргізетін болады. Мемлекеттік қордан баспанаға ие болған мемлекеттік қызметкерлердің тізімі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында (www.astana.kz .) жарияланады.
«Балдарды бекіту мерзімінің кейінге шегерілуінің себебі - «мемлекеттік қызметкер болып табылмайтын, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері» санаты бойынша балдардың қайта есептелуі болды. Балдарды қайта есептеу, ҚР Үкіметінің 2009 жылғы қарашаның 6-сындағы №1770-ші қаулысына сәйкес жүргізілді. Яғни, мемлекеттік бағдарламаға аталмыш санат бойынша қатысушылардың, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар мен мекемелердегі еңбек өтілдері қайта есептеліп, қосымша балдар тағайындалды», деп атап өтті баспасөз қызметінен.
Сондай-ақ бұған дейін тағайындалған балдармен келіспеуге қатысты азаматтардың арыз-өтініштері бойынша «балалары бар жас отбасылар» және «мемлекеттік қызметкерлер» санаттары бойынша балдар қайта бекітілді.