Астана қаласының жол полициясы күшейтілген қызмет түріне көшірілді
АСТАНА. 8 ақпан. ҚазАқпарат - Астана қаласының Жол полициясы қалада жарияланған «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде 10 ақпанға дейін күшейтілген жұмыс түріне көшірілді,
деп хабарлайды қалалық жол полициясы басқармасының баспасөз қызметі.
«Жол-көлік оқиғаларын және жолда жүру ережелерін бұзу фактілерін анықтау мақсатында Астанада 8-10 ақпан аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-алдын алу іс шарасы өтеді», - делінген хабарламада.
Баспасөз қызметінің мәліметтері бойынша, іс-шара барысында көшенің белгіленбеген жерлерінен өтетін жаяу жүргіншілерге және жаяу жүргіншілер өткелінде жол ережелерін бұзатын, автокөлікті мас күйінде басқаратын жүргізушілерге, сонымен қатар рөлде отырып, ұялы телефонмен сөйлескен және жылдамдықты асырған жүргізушілерге үлкен көңіл бөлінбек.
«Жедел-алдын алу шарасы барысында Астана қаласындағы жол полициясы жеке құрамының барлық қызметкерлері күшейтілген қызмет істеу түріне көшіріледі», делінген баспасөз хабарламасында.