«Астана-Қарағанды» тас жолын 4-жолақты қозғалысқа ауыстыру жобасын 2013 жылдың І-ші жартысында әзірлеу жоспарлануда
«Қазіргі уақытта «Астана-Қарағанды» учаскесін 4 жолақты қозғалысқа ауыстыру бойынша жобалық-іздестіру жұмыстары басталып кетті. Жобалық жұмыстарды алдағы жылдың бірінші жартысында аяқтау, одан кейін мердігер ұйымды анықтауға кірісу жоспарлануда», - деді З.Сағынов Қарағанды облысының әкімдігінде вице-премьер Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен өткен кеңесте.
«Астана-Қарағанды» тас жолын жаңарту өзекті мәселе болып табылады, деп атап өтті ол. «Тек соңғы үш жылда ғана бұл учаскеде болған жол-көлік оқиғаларының салдарынан 71 адам көз жұмды, 213 адам жарақаттар алды», - деді комитет басшысы.
Комитет басшысы сондай-ақ Қарағанды облысында Жезқазған аймағын дамыту аясында тағы бір маңызды жоба - «Қызылорда-Жезқазған» көлік жолының жаңартылуы жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. Биылғы жылы жобалық жұмыстар басталды, 2014 жылдан бастап құрылыс басталады деп жоспарлануда.
Кеңесте мәлім болғандай, биыл Қарағанды облысының көлік жолдарын дамытуға 6,7 млрд. теңге бөлінді, соның ішінде республикалық желіні дамытуға - 2,5 млрд. теңге, жергілікті желіге - 4,2 млрд. теңге бөлінді. «Қарастырылған қаражат 321 шақырым жолды жөндеуге бағытталады. Соның 97 шақырымы республикалық маңызы бар жол болса, 224-і - жергілікті желінің жолы. Республикалық жолдар бойынша ұзақтығы 21 шақырым «Астана-Киевка-Теміртау» және ұзақтығы 41 шақырымдық «Бастау-Ақтау-Теміртау» көлік жолдары бойынша күрделі жөндеу жұмыстары басталды, оларды 2014 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр. Жалпы ұзақтығы 96 шақырым жолдардың орташа жөнделуі өткізілді», - деп түсіндірді автомобильдер жолдары комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, 2013 жылы облыстың жолдарын дамытуға 4,3 млрд. теңгеге жуық қаражат қарастырылған, соның ішінде республикалық желіні дамытуға - 1,9 млрд. теңге, жергілікті желіге мақсатты трансферттер түрінде - 2,3 млрд. теңгеден астам қаражат қарастырылған. «Бөлінген қаражаттардың аясында, басталған учаскелер бойынша жұмыстарды жалғастырып, жалпы қолданыстағы 253 шақырымдай жолды жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарлануда. Жалпы алғанда 2015 жылға дейін облыста 600 шақырымға жуық жолдарды жөндеу жоспарлануда, оған 11,7 млрд. теңге қарастырылған», - деп атап өтті З.Сағынов.
Бұрын хабарланғандай, 18-19 қазан күндері Қарағанды облысына ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қ.Көшербаев бастаған үкіметтік жұмыс тобы келді. Жұмыс сапарының бірінші күнінде үкіметтік делегация Жезқазған аймағында болды. Екінші күні топ Қарағанды, Теміртау және Сарандағы бірқатар нысандарды аралады. Сапар барысында сондай-ақ аймақтың жылу беру маусымына дайындық деңгейі бағаланды. Сапар қорытындылары облыс активінің кеңесінде шығарылды, мұнда аймақты дамытудың негізгі басымдықтары белгіленіп, проблемалық сұрақтар талқыланды.