Астана-Қарағанды төртқатарлы жолының құрылысына алдағы күзде конкурс өткізіледі - Көлік және коммуникация министрі

«Біз ағымдағы жылдың күзінде концессиялық жобаға тендер өткізетін боламыз. Егер ол жақсы өтсе, келесі жылы жолдың құрылысын бастап қаламыз деген ойдамыз»,- деді министр өз сөзінде. Бұл мәселе қазан-қараша айларында шешімін тауып қалады, - деп нақтылады ол.
Естеріңізге сала кетейік, Астана-Қарағанды төртқатарлы жолының құрылыс жобасы туралы осыдан бір жылдай бұрын мәлім етілген болатын. Өткен жылдың желтоқсан айында Қарағанды облыстық әкімдігінде көлік министрінің қатысуымен өткен және аймақтың көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелері талқыланған кеңесте жобаның жүзеге асырылу мерзімін тездету туралы келісімге қол жеткізілген болатын. Сол жолы министр Ә.Құсайынов конкурстық амалдарды 2010 жылдың І жартыжылдығында өткізу жоспары туралы айтқан еді.
«Барлық тиісті құжаттар бар. Министрлік төртқатарлы Астана-Қарағанды тас жолын қайта жаңарту жобасын концессиялық негізде жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеді және 2010 жылы барлық мәселелер шешімін тауып қалады», - деп мәлім етті ведомство басшысы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.