«Астана» қаржы орталығы туралы халыққа көбірек мәлімет беру керек - сенатор
АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының депутаты, Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік тұрақты комитетінің төрағасы Сәрсенбай Еңсегенов «Астана» халықаралық қаржы орталығы туралы халық жиі мәлімет алып отыру керектігін мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Конституциялық заң қабылданды, яғни осы орталықтың («Астана» ХҚО - авт.) жұмысын іске асыру үшін мемлекетіміз заңнамалық тұрғыда ең жоғары мәртебеге ие заңдарды қабылдап, сіздерге мүмкіндік беріп отыр. Әңгіме осы орталықтың қызметін жандандыру болмақ», - деді Келімбетовке Еңсегенов сенаторлардың «Астана» халықаралық қаржы орталығындағы көшпелі отырысы кезінде.
Оның айтуынша, еліміздің жалпы нарықтық экономика, құнды қағаздар, сақтандыру жүйесіне байланысты тәжірибесі жеткіліксіз.
«Орталықтың қызметін жүргізу кезінде сіздерге белсенді түрде қызмет ету керек деп ойлаймын. Бұл тек қана инвесторлармен немесе халықаралық қаржы орталықтарымен ғана емес, сонымен бірге жалпы қоғамға, біздің халыққа орталықтың қызметі туралы жиі ашық түрде мәлімет беріп отыру керек. Себебі, тұрғындармен кездесу кезінде бұл мәселе біздің алдымыздан шығады», - деді сенатор.
Еске сала кетсек, аталған отырыста Қайрат Келімбетов «Астана» халықаралық қаржы орталығының негізгі бес стратегиялық бағытын атаған болатын. Нақтырақ айтқанда, елордадағы қаржылық орталық Капитал нарығы, Активтерді басқару мен Private Banking, Ислам қаржыландыруы және Жаңа қаржылық технологияларға басымдық бермек.
Фото: zanmedia.kz